Өңір экономикасының тірегіне айналған кәсіпорын басшысы марапатталды
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің өнеркәсіп саласын дамытуға сүбелі үлес қосқан үшін «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Сильван Геллер мемлекеттік жоғары награда – І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мәртебелі марапатты Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов табыстады. Салтанатты рәсім барысында өңір басшысы Сильван Геллердің ел экономикасын нығайтуға, отандық өнеркәсіпті жаңғыртуға және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті өнім өндіруге қосқан айрықша еңбегін атап өтті.
Өскемен титан-магний комбинаты – Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемдік металлургия саласындағы стратегиялық маңызы бар кәсіпорындардың бірі. Комбинат авиация, ғарыш, медицина және жоғары технологиялық өндірістерде қолданылатын титан өнімдерін шығарып, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарып келеді. Кәсіпорын өнімдері әлемнің ондаған еліне жеткізіліп, Қазақстанды жоғары қосылған құны бар өнім өндіруші мемлекет ретінде танытып отыр.
Сильван Геллердің басшылығымен комбинатта өндірісті жаңғырту, экологиялық қауіпсіздікті күшейту, инновациялық технологияларды енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігінің артуына, жұмыс орындарының сақталуына және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етті.
Бүгінде Өскемен титан-магний комбинаты Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсіптік тірегіне айналып, аймақ бюджетінің толығуына, әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына және мыңдаған тұрғынның тұрақты жұмыспен қамтылуына үлес қосып келеді.


