Президент шыршасы: Шұғылалы Шығыстың кішкентай тұрғындарына арналған мереке
Шұғылалы Шығыстың кішкентай тұрғындары үшін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан арнайы жаңа жылдық шырша мерекесі ұйымдастырылды. Оқуда озат, қоғамдық істе белсенді, өзінің дарынымен дараланған оқушыларды жинаған іс-шара мемлекеттің балаларға деген мейірімі мен қамқорлығының айқын белгісіне айналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа жыл қарсаңында ұйымдастырылған Президент шыршасы – жыл сайын балаларды ғажайыптар еліне саяхат жасатып, жүректеріне жылулық пен ізгілік сыйлайтын игі дәстүрдің жалғасы. 2025 жылы өңірдегі жаңа жылдық мерекелер «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл!» атауымен өтіп, балғындардың қиялын тербеп, ертегі әлеміне жетеледі. Залда жиналған әр баланың жүзінен қуаныш пен толқыныс, жаңа жылға деген үміт айқын сезілді.
Мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі – облыс әкімінің балалармен және ата-аналармен еркін форматта әңгімелесуі болды. Нұрымбет Сақтағанов кішкентай қонақтармен бірге жаңа жылдық интерактивтерге қатысып, шырша айналып, мерекелік көңіл күйді бірге бөлісті. Жылы жүздесу барысында аймақ басшысы жас ұрпақтың білімге құштарлығын, спортпен шұғылданып, жан-жақты дамуының маңызын атап өтіп, әр баланың қабілетін ашуға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Бүгінгі жүрек жылытар, қуаныш сыйлар шараға көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған өрендер, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар, сондай-ақ оқу, спорт, шығармашылық пен қоғамдық өмірде жетістікке жеткен дарынды балалар болды.
Балалар үшін арнайы дайындалған ауқымды жаңа жылдық шара нағыз ертегіге толы саяхат ретінде өтті. Мультфильм кейіпкерлері мен қазақ халық ертегілерінің қаһармандары – Эльза, Олаф, Буба, «Мадагаскар» кейіпкерлері, Айдаһар, Аяз ата мен Ақшақар балаларды ойынға, биге, викториналар мен шығармашылық тапсырмаларға жетеледі. Әр көрініс достық пен бірлікті, мейірім мен өзара көмекті дәріптеуге құрылды. Ең әсерлі шырша шамын жағу сәтінде барлық бала шеңбер құрып, Жаңа жылды қарсы алды.
Көрермендерге ерекше әсер қалдырған қойылымдардың бірі – «Сиқырлы портал» атты театрландырылған ертегі болды. Бұл қойылымда Арман есімді баланың Аяз атаға жету жолында түрлі әлемдерден өтуі арқылы мейірімділік, батылдық пен достықтың қадірі тереңінен ашылды. Балалар қойылымға белсене қатысып, сұрақтарға жауап беріп, әртістермен бірге ойнап, би билеп, оқиғаның тікелей қатысушысына айналды.
Мерекелік шыршаға Самар ауданынан келген балалар да ерекше көңіл күймен қатысты. Алыс ауылдардан жеткен өрендер үшін бұл кеш жаңа жылдық қуанышпен қатар, үлкен әсерге толы тағылымды сапарға айналды.
Самарлық балалардың жүзіндегі шаттық пен таңданыс бұл мерекенің олар үшін ұмытылмас сәтке айналғанын аңғартады. Осындай қамқорлық пен ықылас шалғай аудан балаларына жаңа жыл қарсаңында ерекше жігер, өзіне деген сенім сыйлағаны анық.
Мерекелік шыршаға қатысқан әрбір бала ақшалай сертификат пен тәтті сыйлық алды. Сонымен қатар, балалар үшін қосымша мәдени-танымдық бағдарлама әзірленіп, олар Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрында қойылған «Ұсқынсыз үйрек» жаңа жылдық спектаклін тегін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
Президенттік шырша – ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан балаларды қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бір бөлігі. Мұндай мерекелер жылды қорытындылап, жаңа жылға сеніммен қадам басуға, балалар мен жастарды қамқорлық танытуға арналған әлеуметтік және білім беру бастамаларының жалғасын айқындай түспек.
Айдос Мырзахметов
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Евгений Щетников










