Өскеменде ұлының қазасын көтере алмаған әйел көпірден секірмек болды
Ұлынан айырылған 47 жастағы қала тұрғыны Үлбі көпірінен секірмек болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Оқиға 5 мамыр күні түнгі сағат бірде Крылов көшесінің тұсындағы автокөлік көпірінде болған. Көпірден секіргелі тұрған әйелді тұрғындар байқап қалып, полиция шақыртады.
Полиция қызметкері Асқар Құлжынов әйелді әңгімеге тартып, райынан қайтаруға тырысады. Алайда әйел суға құлап кеткен. Тәртіп сақшысы ойланбастан оның артынан суға секіріп, құтқарып қалады.
- Анықталғандай, 47 жастағы әйел адам ұлының қазасын көтере алмағандықтан өмірмен қош айтысуға бел буған, - деп мәлімдеді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Ол өмірін құтқарып қалған полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, департамент басшысының атына хат жіберіпті.