ШҚО-да 100, 50, 20 теңгелік тиын ақшалардың тапшылығы байқалады
Өңірде ақша айналымындағы монеталардың тапшылығы байқалады. Осыған орай Ұлттық Банктің Шығыс Қазақстан филиалы «Монетаны банкнотқа ауыстыр» акциясын іске қосқан болатын.
Монета тапшылығының басты себебі – тұрғындардың қаражатты 100, 50, 20 теңгелік монеталармен жинауы болып отыр. Ұлттық Банктің Шығыс Қазақстан филиалы директорының орынбасары Максим Дюсембаев тұрғындарды тиын ақшаларды үйде сақтамай, айналымға шығаруға шақырды.
- Теңге сарайында соғылатын әрбір монета үлкен еңбектің жемісі. Оған қаншама күш пен қаражат жұмсалады. Қазір айналымдағы тиын ақшалардың тапшылығы есеп айырысу процесін қиындатуда. Сондықтан ақшаны тиынмен жинап жатқан тұрғындардан банкке барып, оны қағаз банкноттарға ауыстыруларын сұраймыз,-деді ол.
Осы мақсатта сәуір айында Ұлттық Банктің Шығыс Қазақстан филиалы монетаны банкнотқа ауыстыр акциясын іске қосқан болатын. Бұл акция әлі де жалғасын табуды. Ал ең көп тиын өткізген адам банктің коллекциялық монеталарымен марапатталмақ.