Қытай делегациясы ШҚМТУ-дың ғылыми жұмыстарына жоғары баға берді
Шығыс Қазақстанға ресми іссапармен келген Қытай Халық Республикасы Шыңжан Ұйғыр автономиясының делегациясы Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да болып, университеттің ғылыми-зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыстарымен танысты.
Атап айтсақ, шетелдік қонақтар назарына оқу орнының ғалымдары жүзеге асырып жатқан бірқатар жоба ұсынылды. Оның ішінде титан металын мұнай-газ саласында қолдануға, қорғасын және мырыш өңдеу технологиясын жаңғыртуға, тантал мен ниобийден медициналық бұйымдар жасауға, «Гидрополимет» қондырғысының көмегімен ауаға тарайтын өндіріс қалдықтарының мөлшерін азайтуға бағытталған бірегей жобалар да бар. Қытайлық делегация университет мамандарының өнімдері қойылған көрмені тамашалап, атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.
Ал жоғары оқу орнының ректоры Жасұлан Шаймарданов мәртебелі меймандарға кей жобалар бүгінде өндіріске енгізіліп те қойғанын хабарлады. Оның сөзінше, аталмыш жобалардың көбі «Казцинк», «ҮМЗ», «ТМК» сияқты облысымыздағы алпауыт кәсіпорындардың мамандарымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Демек, шығарылатын өнімнің сапасына қатысты еш сын айтуға болмайды.
Айта кетейік, көршілес елден келген делегацияны Шыңжан Ұйғыр автономиясы Халық үкіметі төрағасының орынбасары Чжао Чунцзю мырза бастап келіпті. Қытайлық қонақтармен бірге ШҚМТУ-ға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев та барғанын айтқан жөн.