KZ
Өскемен
+18°
ясно жел 2 м/с, З
479.05 534.57 5.17

Еліміздегі имплантанттардың кем дегенде 65 пайызы Шығыс Қазақстанда өндірілуі тиіс – облыс әкімі

12.08.2019, 11:45 149

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да қолға алынған ғылыми-зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыстардың қарқынын үдете түсу керектігін айтты. Облыс әкімдігінің кезекті отырысында осы және өзге де мәселелер жайы сөз болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Еске салайық, бүгінде аталмыш оқу орнының ғалымдары бірқатар салаға қатысты мүлде жаңа сипаттағы, технологиялық серпіліс әкелетін жобаларды жүзеге асыруды қолға алып отыр. Оның ішінде титан металын мұнай-газ секторында қолдануға, қорғасын және мырыш өңдеу технологиясын жаңғыртуға, тантал мен ниобийден медициналық бұйымдар жасауға, «Гидрополимет» қондырғысының көмегімен ауаға тарайтын өндіріс қалдықтарының мөлшерін азайтуға, хлорлы қалдықтарды залалсыздандыру технологиясын әзірлеуге бағытталған бірегей жобалар да бар.
Жиында баяндама жасаған университет ректоры Жасұлан Шаймарданов кей жобалар бойынша әжептәуір ілгерілеушілік бар екенін айтты. Оның сөзінше, аталмыш жобалардың көбі «Казцинк», «ҮМЗ», «ТМК» сияқты облысымыздағы алпауыт кәсіпорындардың мамандарымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Демек, шығарылатын өнімнің сапасына қатысты еш сын айтуға болмайды.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов университет қабырғасында атқарылып жатқан жұмысқа оң бағасын бере келе, кей жобалар бойынша жұмысты әлі де ширата түсу қажеттігін ескертті. Бұл әсіресе титаннан имплантанттар дайындау және магниттік-резонансты томографияға қажетті жоғары өткізгіш сымдар алу сияқты медицина саласының жобаларына қатысты. Соңғы жоба бойынша жүргізілген жұмысты жапониялық «Furakawa Electric» компаниясы да жоғары бағалаған.

– Нәтиже жаман емес сияқты. Алайда, өнімді сериялық өндіріске енгізбейінше, қандай да бір жетістік туралы айтуға ертерек. Сол себепті, сіздерден аталмыш жобалар дамыту жөнінде нақты ұсыныстар күтемін. Сондай-ақ жақында «ҮМЗ» басшылығымен кездесіп, сіздердің технологияларыңызды өндірісте қолдану жағын талқылайтын боламыз. Сол сияқты титаннан имплантанттар дайындау мәселесін де үнемі назарда ұстайтын боламыз. Себебі, бізде бұл сала әлі де дұрыс игерілмей келе жатыр. Болашақта еліміздің ішкі нарығындағы имплантанттардың кем дегенде 60 пайызы біздің өңірде өндірілуі тиіс, мақсатымыз осындай болуы керек, – деген облыс әкімі ШҚМТУ-да өндірілетін өнімдерді жергілікті кәсіпорындарға ғана емес, республиканың барлық өңіріндегі бизнес қауымдастыққа таныстыру қажеттігін да айтты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив