Балаларының жаман ауруын жеңу үшін Өскеменде 10 ана бірікті
Өскеменде ерекше балалардың аналары қоғамдық бірлестік құрып, жаман аурумен күресіп жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Гүлнара Симоненко баласы Русланның ойыншықпен ойнай алмай, икемі кете бастағанын 2006 жылы байқайды. Ол кезде Руслан 2 жаста екен. Дәрігерлер балада аутизм белгілері байқалғанын айтады. Абыржыған ана емхана, психолог, педагогтардың табалдырығын тоздырады.
– Дәл осы секілді күйге түскен оншақты әйел менімен бірге анда-мұнда шапқылап жүрді. Араласа келе сырлас болып кеттік. Бар білгенімізді бөлісіп, курстарға бірге барып жүрдік. Аналарды бірі жаттығу жасатуды білсе, екіншісі түрлі кітаптардан түйгені бар, келесісі музыкалық білімді адамдар еді. Сонымен, барлығының басын қосып, бір орталықта жұмыс істеуіміз керегін түсіндік. 2013 жылы «Шаг навстречу» атты қоғамдық бірлестік құрдық, – дейді Гүлнара Симоненко.
Айтуынша, біріккен жұмыс дереу оң нәтиже берген екен. Балалар ширақ қимылдай бастапты. Жуықта Руслан 14 жасқа толады. Зататрды қозғалтып, ән тыңдап, кітап оқиды. Мектеп бағдарламасын үйінде оқып жатыр.
– Қазір бұрынғы қорқынышым сейілді. Руслан 8 жасынан бастап сөйлей бастады. Қимылдай алады. Біз, аналар алдағы уақытта қиындықты толықтай жеңіп шығарымызға сенеміз, – дейді Гүлнара Симоненко.
Иә, қоғамдық бірлестік тамаша жетістікке жетіп жатыр. Олардың бір ғана әттегенайы бар. Ол – жалға алынған орынның ай сайынғы қаражаты... Оның үстіне орталықта бала көбейіп келеді.
– Біз мұнда тегін оқытамыз. Сондықтан жал ақысын төлеу қашан да қиындық тудырады. Кәсіпкерлерге, кәсіп орындарға барып көмек сұраймыз. Осы жылы, бір қуантарлығы сол, «Қазцинк» кәсіпорны бір жылдық жал ақымызды бірақ төлеп берді, – деді Гүлнара Симоненко.