KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

Талдықорғандағы жарыста күршімдік спортшылар үш жүлдеге ие болды

9.04.2019, 11:34 173

Талдықорған қаласында қол күресінен өткен ардагерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жастар мен жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде күршімдік спортшылар ауыз толтырып айтарлықтай өнер көрсетті.

Додаға Күршім ауданынан барлығы 10 спортшы қатысқан болатын. Жарыс қорытындысы бойынша олардың үшеуі жүлделі орындардан көрінді. Атап айтсақ, салмағы 70 келіден жоғары қыздар бәсекесінде Күршімдегі №4 орта мектептің 11 сынып оқушысы Мөлдір Қалиқановаға тең келер ешкім болмады. Айта кетейік, Мөлдір 2018 жылғы ел чемпионатында үшінші орын алып, артынша Азия біріншілігінің күміс жүлдегері атанған-ды. №4 мектептің тағы бір оқушысы Назерке Ерлікова (45 келіге дейінгі салмақ дәрежесі) Жетісу жерінде күміс медальға ие болды.

Ал ұлдар арасындағы үздік нәтижені аудан орталығындағы №3 гимназияның оқушысы Асылбек Беков көрсетті. 70 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Асылбек қанжығасына ел біріншілігінің күміс жүлдесін байлады.

Айта кетейік, енді бұл үш спортшы биылғы Азия және Әлем біріншіліктеріне қатысады. Осы ретте жас қол күресшілерді ел біріншілігіне Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әділбек Баймұқанбетов пен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Заңғар Ашманов даярлап апарғанын атап өткен орынды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу