KZ
Өскемен
+4°
туман жел 2 м/с, В
478.93 534.96 5.16

ШҚО-да өткен ел чемпионатында үздік шыққандар Азия біріншілігіне барады

4.04.2019, 10:38 200

Өскемендегі Жекпе-жек сарайында еркін және әйелдер күресінен 1999-2001 жылдары туған спортшылар арасындағы ел чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

 

Екі күнге созылған доданың қорытындысы бойынша шығысқазақстандық бозкілем шеберлері алты жүлдеге ие болды. Оның ішіндегі ең сүбелісі салмағы 79 келіден аспайтын балуандар сайысында өнер көрсеткен Тілек Қабыкеновтің еншісінде. Тілек жарыстың шешуші белдесуінде Алматыдан келген азулы қарсылас Анар Гулиевтен басым түсіп, қоржынға алтын медаль салды.

 

Өкінішке қарай, бұл шығысқазақстандық балуандар иеленген жалғыз алтын болды. Қалған қыз-жігіттеріміз бұл жолы әрі кетсе күміс не қола жүлдеге ғана қол жеткізе алды. Мәселен, жігіттер арасында 74 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Айбар Жылқайдаров біріншіліктің күміс жүлдегері атанса, Досжан Әсетов (70 келі), Шыңғыс Мұхаметқалиев (74 келі) пен Диас Асқаров (79 келі) қола медальға ие болды.

 

Тағы бір жүлдені облыс құрамасының қоржынына Құралай Нұрмұхаметова салды. Құралай салмағы 62 келіге дейінгі қыздар бәсекесін үшінші орында аяқтады. Бұл Шығыстың бұрымдылары ие болған жалғыз медаль екенін айта кеткен жөн.

 

Жалпы алғанда, Өскемендегі додада Түркістан және Ақтөбе облыстарының, сондай-ақ Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының балуандары тамаша өнер көрсетті. Енді ел чемпионатының үздіктерінен ұлттық құрама жасақталып, алдағы жазда Тайбэйде жалауын желбіретенін Азия біріншілігіне дайындықтарын бастамақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив