Өскеменде дзюдодан Қазақстанның ашық чемпионаты өтті
Өскеменде дзюдодан Талғат Ақтаевты еске алуға арналған Қазақстанның ашық чемпионаты аяқталды. Екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынға үш алтын мен екі қола медаль еншілеген Алматы облысының құрамасы көтерілді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жарыс иелері, шығысқазақстандық татами шеберлері болса, бұл жолы екінші орыннан көрінді. Жерлестеріміз екі алтын, бір күміс және бес қола жүлдеге иелік еткен. Үздік үштікті қарағандылық дзюдошылар түйіндеді.
Біздің құрама сапында 63 келіге дейінгі қыздар бәсекесінде сынға түскен Кристина Сотникова (күміс) мен Зарина Сарипова (қола), 78 келіде өнер көрсеткен Назерке Тілеуханова (қола), 78 келіден жоғары салмақта күрескен Инабат Тоқтаған (қола) көзге түсті. Қыздарымыздан жігіттер де қалысқан жоқ. 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде облыс құрамасының бірден үш мүшесі жүлдеге ілікті. Атап айтсақ, Барақ Арқабай жарыс жеңімпазы атанса, Бақтияр Ағзамов пен Дәурен Дулатов үшінші орынға көтерілді. Тағы бір «алтынға» Қуан Барыс (73 келі) ие болды.
Айта кетейік, облыс орталығындағы Жекпе-жек сарайында өткен биылғы турнирге еліміздің, сондай-ақ Грузия, Өзбекстан, Тәжікстан мен Ресейдің мықтылары қатысып, 14 салмақ бойынша өзара мықтыны анықтаған болатын. Осы ретте жарыс 23 жасқа дейінгі ерлер мен қыздар арасында өтіп, оған барлығы 300-ге жуық спортшы қатысқанын айтқан жөн.
Турнир соңынан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ел біріншілігінің медальдарымен бірге, Талғат Ақтаев атындағы арнайы жүлделерге табысталды. Сондай-ақ әр салмақта алғашқы екі орынға көтерілген дзюдошылар спорт шебері атағына ие болды.