Өскеменде биыл 38 жол учаскесі жөнделді
2022 жылы облыс орталығында жалпы ұзындығы 21 шақырым болатын 38 учаске жөнделді.
Биыл жол жөндеу жұмыстары екі кезең бойынша жүргізілді, деп хабарлайды Altaynews.kz.
«Біз жол желісін күтіп ұстау саласында уақыт пен қаражатты мұқият бөлу арқылы үлкен нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз. Алғашқы жөндеу жұмыстарын сәуір айында бастап, бір маусым ішінде жұмыстардың екі кезеңін жүргізіп үлгердік», - дейді қала әкімі.
Биылғы маусымда Қазақстан көшесі, Қабанбай батыр көшесі сынды орталық магистральдармен қатар ықшам аудандардағы жолдар да қамтылып отыр. Айталық, Қалихан Ысқақ көшесі және Үлбі кентіндегі Энтузиастов көшесі. Сонымен қатар «Ауыл Ел Бесiгi» бағдарламасы бойынша Ахмер және Меновное ауылдарындағы жолдарға асфальт төселді.
«Ықшам аудандарды дамыту бағдарламасының аясында қыркүйек-қазан айларында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Красин кенті мен 22-ші ықшам ауданындағы көшелер асфальтталды», - дейді шаһар басшысы Жақсылық Омар.
Сондай-ақ осы орайда Космическая және Мостовая көшелеріне қатысты шулы мәселе суық түскенге дейін шешілгенін айта кетуіміз керек.