ШҚО-да Балалар жылын қорытындылады
ШҚО-да балалар жылына 129 іс-шара жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда барлық ойластырылған жобалар 100% іске асырылды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы басшысының м. а. Инесса Чернышева айтып берді, деп хабарлайды Altaynews.kz.
Жалпы бұл жобалармен аймақ бойынша 0-ден 18 жасқа дейінгі 181 мың 266 бала қамтылған екен.
Сондай – ақ "Отбасы-қауіпсіз мекен" жобасы аясында "Жүректен жүрекке" қайырымдылық акциясы өткізіліп, онда көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдердің 6 мың 794 тілек хаттары орындалыпты. "Мектепке жол" акциясы аясында кәсіпкерлердің, меценаттардың қолдауымен 50 млн теңгеден астам қаражат бөлініп, 6 мың 415 оқушы мектеп құралдарымен қамтамасыз етілді. Облыс аумағында әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 2,4 мың балабалабақшаларға тегін баратынын айта кеткен жөн.
"Дені сау бала" жобасы бойынша 8 іс- шара, "Жетімсіз ел" жобасы бойынша 5 іс-шара өткізілді. Инесса Чернышеваның айтуынша, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санының азаюына тұрақты үрдіс бар екен.
Биыл бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл лауазымы енгізіліп отыр. Аталмыш лауазым ағымдағы жылдың шілдесінде бекітілді. Бұл мемлекеттік қызмет емес - қоғамдық институт. Ол балалардың қауіпсіздігі мен жағдайын жақсарту үшін азаматтардың, ата-аналардың, заңды өкілдердің және балалардың жеке өтініштерімен жұмыс істейді. Шілде айынан бері көптеген өтініштер түсіп үлгерген.
Айта кетсек, ШҚО-дағы бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілге 8-705-661-41-21 телефон номері немесе Өскемен қаласы Астана көшесі, 4, 1-кеңсе мекенжайы бойынша хабарласуға болады.