Жаңа Бұқтырмада арбат салынады
Туристік саланы дамыту жобасы аясында Жаңа Бұқтырмада жаяу жүргіншілер аймағы салынады.
Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев айтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жалпы Бұқтырма жағажайы жылына 300 мың турист қабылдай алады. Сондықтан облыс басшылығы жағалаудағы елді мекенді абаттандыруды көздеп отыр.
– Мұндай аймақтарды дамытуға инвестиция сала отырып, ірі инвесторлардың туризм индустриясына деген қызығушылығын арттырамыз. Бұл салаға салынатын инвестиция, шамамен, 10 миллиард теңгеден асады, – деді Алмасхан Сматлаев.
Оның айтуынша, Жаңа Бұқтырмада арбат, жаңа жағажайлар, мейрамханалар салу, сондай-ақ аурухананы жөндеу жоспарға енгізілген.
– Бірақ, ең алдымен, күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалау және сметалық құжаттаманы әзірлеуге уақыт керек. Біз бұл үдерісті жеделдетеміз. Екі-үш жыл ішінде Бұқтырма су қоймасы мен Жаңа Бұқтырманы қалыпқа келтіреміз, – деді облыс әкімінің орынбасары.