KZ
Өскемен
+27°
переменная облачность жел 3 м/с, В
510.59 578.91 6.37

Атом энергетикасы саласына серпін беретін кездесу

24.04.2025, 16:00 495 Төлеуғазы Жансая

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Халықаралық атом энергиясы агенттігінің өкілдерімен ресми кездесу өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Кездесу барысында агенттік сарапшылары ұйымның қызметі және университет түлектерінің атом саласындағы жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, тараптар атом энергетикасы саласына кадрлар даярлау бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

– Бұл кездесу – тек ресми сапар ғана емес, стратегиялық тұрғыдан маңызды қадам. Қазіргі таңда елімізде атом электр станциясының құрылысы басталмақ. Осыған байланысты бізге атом энергетикасы саласында жұмыс істей алатын білікті мамандар қажет. Қазірдің өзінде біздің түлектер ғылыми-зерттеу институттарында, машина жасау кәсіпорындарында, өнеркәсіп және халықаралық ұйымдарда еңбек етуде. Егер МАГАТЭ тарапынан сарапшылық қолдау көрсетілсе, бұл біздің дамуымыз үшін үлкен серпін береді, – деді университет ректоры Мұхтар Төлеген.

Кездесу аясында МАГАТЭ өкілдері мен университет басшылығы халықаралық ынтымақтастық негізінде білім беру стандарттарын жетілдіру, МАГАТЭ-нің цифрлық платформаларына қолжетімділікті кеңейту, студенттер мен оқытушыларды халықаралық жобаларға тарту және кадрларды даярлауға қажетті инфрақұрылымды дамыту мәселелерін жүзеге асыруды жоспарлады.

Қонақтарға университеттің ғылыми-зерттеу зертханалары мен орталықтарына экскурсия ұйымдастырылып, инновациялық жобалар таныстырылды. Бұдан кейін «Ядролық физика мен атом энергетикасы бойынша білім беру бағдарламаларын дамытудың қазіргі үрдістері мен болашағы: халықаралық тәжірибе және жергілікті іске асыру» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Жиын барысында университет профессорлары «Ядролық физика және атом энергетикасы» білім беру бағдарламасының мазмұны мен құрылымын жетілдіру, қос дипломды білім беру жүйесі және STAR-NET (Regional Network for Education and Training in Nuclear Technology) желісі аясындағы халықаралық серіктестік жөнінде баяндама жасады.

Анықтама үшін: Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) – Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен 1957 жылы құрылған халықаралық ұйым. Бас кеңсесі Австрияның Вена қаласында орналасқан. Агенттіктің басты мақсаты – атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдануға жәрдемдесу, ядролық қауіпсіздік пен денсаулық сақтау саласында халықаралық стандарттар әзірлеу және олардың орындалуын қамтамасыз ету.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу