ШҚО медициналық ұйымдары негізсіз флюорографиялық суреттерді талап етті

pixabay.com
«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңның 5-бабы 2-тармағына сәйкес, мемлекеттік мекемелер көрсететін қызметтер қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес болуы тиіс. Заңда мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларында көзделмеген құжаттарды, сондай-ақ ақпараттық жүйелерден немесе цифрлық сервистерден алынуы мүмкін мәліметтерді сұратуға тыйым салынған.
Соған қарамастан, өңір тұрғындары кейбір медициналық ұйымдардың негізсіз құжаттар талап етіп, қызмет көрсетуден бас тарту жағдайларына тап болуда. Бұл медициналық көмек алуды кешіктіреді.
ШҚО Мемлекеттік қызмет істері департаменті жүргізген талдау нәтижесінде, облыстағы бірқатар медициналық ұйымдардың азаматтардан емханаға тіркелу кезінде кеуде қуысының флюорографиялық суретін талап ететіні анықталды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, азаматтар емханаға алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымына тікелей немесе «электрондық үкімет» порталы арқылы тіркеле алады. Алайда кейбір ұйымдар бұл жағдайда азаматтардың міндетті түрде жеке келуін талап еткен.
Артық құжаттарды талап ету – медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасына кедергі келтіретін фактор. Мұндай талаптар азаматтардың уақытын жоғалтып қана қоймай, шұғыл көмек алу процесін де тежейді. Бұл әсіресе әлеуметтік осал топтарға кері әсер етеді.
Анықталған заң бұзушылықтар Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында қаралды. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасына осындай жағдайлардың алдын алу бойынша нақты ұсыныстар жолданды.
Егер сіз мемлекеттік қызметтер алу барысында құқықтарыңыздың бұзылғанын байқасаңыз, ШҚО Мемлекеттік қызмет істері департаментіне мына мекенжай бойынша хабарласа аласыз: Өскемен қаласы, Назарбаев даңғылы, 4. Анықтама үшін: 8 (7232) 76-50-88. Сондай-ақ «Е-Өтініш» платформасы немесе Telegram желісіндегі EgovKzBot2.0 арқылы шағым жолдауға болады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
ШҚО бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы
Е.М. Айкымбеков