Жаңа Бұқтырма Алтай ауданының туристік орталығына айналмақ
Алтай ауданының туризмін дамытуға миллиардтаған қаржы бөліну жоспарланып отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен отырыста аймақ басшысы Даниал Ахметов айтты.
Аймақ басшысының пікірінше, бірінші кезекте Жаңа Бұқтырма кентіне назар аудару қажет.
- Жаңа Бұқтырмада арнайы демалыс аймақтарын ұйымдастыру қажет. Сауда алаңдары, кешке барлық аймақтардан келген туристерді бір жерге жинайтындай мәдени аймақ болуы шарт, - деп тапсырма берді облыс әкімі.
Сондай-ақ, облыс басшысы ауданның жол инфрақұрылымын дамытуға назар аударуды тапсырды. Келесі жылы Осинов асуын айналып өтетін жол құрылысын аяқтайтынына және туристерді Бұқтырмаға жеткізу уақыты қысқаратынын да айтып өтті.
- Бірақ жаңа Бұқтырманы дамыту, сауда орындарын, демалыс аймақтарын салу, оны көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары бірнеше жылға созылады, - деп қортындылады әкім.