KZ
Өскемен
-2°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
512.81 604.19 6.57

ШҚО-да оқушылар үшін «Киелі Шығыс» жобасы басталады

24.04.2025, 14:30 454 Әбішев Ержан

Биыл Шығыс Қазақстан облысында мектеп оқушыларын өңірдің мәдени әрі тарихи мұрасымен таныстыруға арналған ерекше жоба – «Киелі Шығыс» бағдарламасы жүзеге асырыла бастайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бағдарлама аясында ШҚО-ның тарихи ескерткіштері мен табиғи нысандарын қамтитын білім беру бағытындағы туристік маршруттар қарастырылған. Бұл оқу-танымдық турлармен 200-ге жуық оқушы қамтылады.

– Жоба оқушылардың туған өлке тарихы мен мәдениетін терең тануына, олардың дүниетанымын кеңейтуге бағытталған. Сонымен қатар «Киелі Шығыс» жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастырып, ата-баба мұрасына деген құрметті арттыруға, табиғи ортада бағдарлану мен дербес туризм дағдыларын дамытуға ықпал етеді, – деді жоба туралы ШҚО Білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева.

Бағдарлама 7-10 сынып оқушыларына арналған. Маршруттар облыстың барлық аудандарынан жиналған балаларды қамтып, «Берел қорғандары» ашық аспан астындағы музейі, Қиын-Керіш шатқалы, киелі нысандар мен ұлттық табиғи парктерді аралауды көздейді.

Турлар бірнеше бағытты біріктіреді: экскурсиялық бөлім – археологтар мен өлкетанушылардың жетекшілігімен Берел қорғандары мен көне қоныстардың қирандыларына бару; тәжірибелік сабақтар – туризм негіздеріне арналған мастер-класстар (палатка құру, карта мен компас арқылы бағдарлану, бастапқы альпинистік машықтар); мәдени-танымдық сессиялар – қазақ халқының тарихы, дәстүрлі қолөнер, фольклормен танысу, интерактивті дәрістер мен сабақтар; экологиялық бағыт – қорғалатын аймақтарды тазалау, көшет отырғызу, экожүйелерді бақылау шаралары ұйымдастырылады.

– Бұл жоба жас буын үшін де, аймақтық туризмді дамыту үшін де маңызды. Болашақта ол тұрақты балалар-жасөспірімдер туристік қозғалысының негізіне айналуы мүмкін, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Жоба өлкетану қоғамы мен ұлттық парктердің қолдауымен жүзеге асырылады. Экспедицияларға тәжірибелі гидтер, педагог-кураторлар, эколог мамандар мен медицина қызметкерлері бірге барады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу