KZ
Өскемен
+27°
переменная облачность жел 3 м/с, В
510.59 578.91 6.37

«Бақыт сенен басталады»: ШҚО арнайы кітапханасында инклюзивті фестиваль өтті

24.04.2025, 16:30 271 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстан облыстық зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасында Ұлттық кітап күні мен Наурыз мейрамына арналған «Бақыт сенен басталады» атты бірінші аймақтық инклюзивті фестиваль өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Фестиваль аясында қонақтар мен қатысушыларға мазмұнды мәдени-танымдық бағдарлама ұсынылды. Іс-шара «Кітаптар үні» атты кітап көрмесінің тұсаукесерімен басталды. Сонымен қатар мерейтойлық жазушылар – Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», Мұхтар Әуезовтің «Асудағы атыс», Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты еңбектеріне арналған әдеби шолу мен танымдық викторина ұйымдастырылды.

Ұлттық кітап күні аясында «Сәбит Мұқановты оқы!» атты Л.Брайль қарпімен мәнерлеп оқудың республикалық онлайн байқауының қорытындысы жарияланды. Жазушының 125 жылдығына орай арнайы кітапханалар арасында ақшалай сертификаттар табыс етілді. Байқауға демеушілік көрсеткендер – «Император» сауда кешенінің директоры С. Коротин және «ДК Проект» серіктестігінің басшысы М. Шәкіров.

Кітапхана алаңында ұлттық дәстүрге толы атмосфера орнады. Киіз үйдің таныстырылымы, тұрмыстық бұйымдар, салт-дәстүрлер мен «Қыз ұзату», «Бесікке салу» сияқты әдет-ғұрыптардың көрсетілімі үлкен қызығушылық тудырды. Қала мектептерінің оқушылары арасында ұлттық ойындар – «Асық ату», «Арқан тарту», «Тымақ құлату» өткізілді. Қатысушыларға «ҚЗҚ» ШҚО филиалымен бірлесіп ұйымдастырылған дастарханда бауырсақ пен наурыз-көже ұсынылды.

Фестиваль барысында алғаш рет бедерлі-нүктелі және ірі қаріппен шығарылған кітаптардың тұсаукесері өтті. Іс-шараға Тарбағатай ауданынан келген «Жанарым» шығармашылық тобы, №19 мектептің инклюзивті сынып оқушылары, «Жұлдыз» балалар өнер мектебі, облыстық филармония және Қазақ зағиптар қоғамының шығармашылық ұжымдары, сондай-ақ «Самғау» тобы өз өнерлерін тарту етті. «Инклюзив» театр үйірмесінің орындауындағы «Шалқан» этюді көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.

«HalyQuiz» интеллектуалды ойынында оқушылар мен студенттер қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрлері бойынша білімдерін көрсетті. «Ашық микрофон» алаңында колледж студенттері мен «ҮМЗ» АҚ өкілдерімен мазмұнды кездесу өтті.

Кітаптар аймағында арнайы форматтағы басылымдардың көрмесі, Брайль қарпіндегі «Абай» инсталляциясы мен «Шабыттың алты нүктесі» көрмесі ұсынылды. Луи Брайль жүйесімен оқуға қызығушылық танытқандар үшін «Маған оқуды үйрет» атты шеберлік сабағы ұйымдастырылды.

Балаларға арналған «Айналамыздағы әлем барлығына қолжетімді!» ойын алаңында аудиодискілер, тактильді кітаптар және танымдық ойындар ұсынылды. Әдеби викториналар мен асфальтқа сурет салу байқауы жас оқырмандардың ерекше қызығушылығын тудырды. Белсенді қатысушылар тәтті сыйлықтармен марапатталды.

«Шексіз мүмкіндіктер әлемі» қолданбалы өнер көрмесінде «Азина» қоғамдық ұйымы мен «Ерекше бала» ҚБ мүшелерінің бірегей туындылары қойылды. Қали Айшаның моншақ бұйымдары, Сайбел Викторияның сабыннан жасалған мүсіндері, Александра Леонтьеваның тоқыма жұмыстары зор ықыласпен қабылданды. Сонымен қатар «Жұлдыз» балалар көркемсурет мектебі оқушылары мен көру қабілеті бұзылған оқырман Станислав Савиновтың шығармалары шынайы қызығушылық туғызды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу