ШҚО: Құрылыс саласына қызығушылық артып келеді

ШҚО ӨКҚ
Шығыс Қазақстан облысында құрылыс және жобалау саласына қатысты лицензиялауға деген қызығушылық артып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының деректеріне сүйенсек, 2024 жылы өңірде 239 мемлекеттік қызмет көрсетілген, бұл саладағы кәсіби қызметті заңдастыруға деген ұмтылыстың айқын көрінісі.
Құрылыс қызметін жүзеге асыру үшін заңды тұлғалар Біртұтас біліктілік стандартына сай болуы тиіс. Лицензия алу үшін компания өз құрамында қажетті салалық мамандардың, материалдық-техникалық базаның бар екенін және нақты тәжірибесін көрсетуі қажет.
Жобаның күрделілігіне қарай үш санаттағы лицензия ұсынылады:
I санат – кез келген, соның ішінде күрделі құрылыс нысандарына рұқсат береді;
II санат – екінші және үшінші деңгейдегі объектілерге арналған;
III санат – техникалық жағынан күрделі емес нысандарда жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Егер өтініш беруші лицензиялық алымды төлемесе, біліктілік талаптарына сәйкес болмаса немесе сот шешімімен шектеу қойылса, өтініш қабылданбайды. Бұл жағдайда үміткерге түсіндіру хат жолданады.
Басқарма сонымен қатар техникалық және авторлық қадағалау жүргізетін, жобалық-сметалық құжаттамаға сараптама жасайтын, сондай-ақ ғимараттардың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін бағалайтын сарапшыларды аттестаттау жұмысын жалғастыруда.
Кандидаттар біліктілік талаптарына сай болған жағдайда тестілеуге жіберіледі. Тестілеу 100 сұрақтан тұрады және оған 60 минут беріледі. Өту үшін кемінде 70 дұрыс жауап қажет.
Тестілеуге дайындалу үшін барлық қажетті материалдар мен нұсқаулықтар ҚР Құрылыс істері комитетінің ресми сайтында қолжетімді.
ШҚО-да құрылыс саласына қызығушылықтың артуы – аймақтың дамуы мен урбанизация үдерістерінің белсенділігін білдіреді. Бұл үрдіс сапалы кадрлар мен кәсіби ұйымдардың қалыптасуына, ал соңында – тұрғындар үшін қолайлы инфрақұрылымның дамуына ықпал етпек.