Көп пәтерлі тұрғын үй қорын басқарудағы өзгерістер
Қазақстанда көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа түрін енгізу жоспарланып отыр. Бұл жаңашылдық еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық реформаны жетілдіру жөніндегі шаралар пакетінде қамтылған.
Елімізде көп пәтерлі тұрғын үй қорын басқарудың жаңа тәсіліне көшіруге байланысты жұмыс жоспарлы түрде жалғасып келеді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, осы жылы басқарудың тың тетігіне 45 148 көп пәтерлі тұрғын үй (97,1%) көшірілді. Қазір республиканың 3 өңірінде 1 366 (2,9%) көп пәтерлі тұрғын үйді жоғарыда аталған басқарудың формасына көшіру ғана қалды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Басқарудың жаңа түрлерін енгізуге арналған реформаны жетілдіру мақсатында таяуда түзетулер пакеті әзірленген. Соған сәйкес жиналысты өткізудің кейбір функцияларын беру арқылы Тұрғын үй кеңесінің өкілеттіктерін күшейту, қаржылық мәселелер бойынша шешімдер қабылдау кезінде жиналыс кворумын азайту (жалпы жиналыстың 2/3-тен 51%-ға дейін) және жазбаша сауалнама мерзімін екі айға дейін ұзарту қарастырылады.
Бұдан басқа көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқару түрлері бойынша градациялауды енгізу ұсынылып отыр. Атап айтқанда, тікелей бірлескен басқару (ТББ) - 16 пәтерге дейін, қарапайым серіктестік (ҚС) – 30 пәтерге дейін және мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) – 30-дан артық пәтерге дейін.
Айта кетсек, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасы қазір Парламент Сенатында қаралып жатыр.