Сайлау-2023: Халықаралық байқаушылар тіркеуден өтті
Орталық сайлау комиссиясы тағы 15 халықаралық байқаушыны аккредиттеді.
ОСК хатшысы Мұхтар Ерманның айтуынша, халықаралық байқау институты ашылғаннан бері 10 шет мемлекет пен 3 халықаралық ұйымнан 82 байқаушы ресми тіркеуден өткен, деп хабарлайды Altaynews.kz.
– Бүгінгі таңда Сыртқы істер министрлігі бір шет мемлекет пен бір халықаралық ұйымнан 15 байқаушыны тіркеуден өткізуге ұсынды. Атап айтқанда, Иран Ислам Республикасынан бір кандидатура, ТМД байқаушылар миссиясынан 14 кандидатура бар. Оның ішінде Тәжікстанның сайлау және референдум жөніндегі орталық комиссиясының төрағасы тіркеуге ұсынылды. Баяндалғандарды ескере отырып, шет мемлекет пен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы комиссия қаулысының жобасы дайындалды, – деді ол.
Комиссия мүшелері аталған байқаушыларды аккредиттеу туралы қаулыға қол қойды.
Еске салсақ, 18 ақпанда Мәжіліс пен мәслихат сайлауының үгіт-насихат кезеңі басталды. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы партиялардың атаулары сайлау бюлетенінде қандай тәртіппен орналасатынын жеребе арқылы анықтады.
Оқи отырыңыз