ОСК шетелдік байқаушыларды тіркеуді бастады
ОСК шетелдік байқаушыларды тіркеуді бастады.
Аккредиттеу туралы мәселені Орталық сайлау комиссиясында өткен отырыста ОСК хатшысы Мұхтар Ерман түсіндіріп берді, деп хабарлайды Altaynews.kz.
2023 жылғы 20 қаңтарда Халықаралық байқау ұйымын ашу туралы шешім қабылданған болатын. Елдегі «Сайлау туралы» заңға сәйкес шет мемлекеттердің, халықаралық және парламентаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді ОСК Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша жүзеге асырады, - деді ОСК хатшысы.
Сөзінше, СІМ сайлауды байқауға қатысу үшін халықарылық ұйымдар және парламентаралық ұйымдар мен Қазақстандағы дипломатиялық корпусқа тиісті шақырулар жіберді. Сонымен бірге екіжақты негізде ОСК 34 шет мемлекеттің Орталық сайлау органдарына шақыру жіберген болатын.
Бүгінгі таңда ОСК-ға СІМ-нен бір шет мемлекет пен екі халықаралық ұйымнан 25 байқаушыны аккредитациядан өткізу үшін ұсынылды.
Оның ішінде:
- Палестина мемлекеті – 1 кандидатура;
- ТМД-ға қатысушы-мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы – 11 байқаушы;
- ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы – 13 байқаушы.
Мұхтар Ерман шамамен 200-ден астам байқаушыны тіркеу күтіліп отырғанын айтты.
ОСК шет мемлекет пен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы қаулыны қабылдады.