KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, ОШ
517.66 606.49 6.44

Шығысқазақстандық кардиохирургтар аса күрделі ота жасады

шартты сурет

18.04.2023, 20:30 394 Оразай Жеңісұлы

Шығысқазақстандық кардиохирургтар адам сенгісіз жоғары технологиялы оталарды жасауды жалғастыруда. Медицинаның қарыштап дамығаны соншалықты, енді жүректің клапанын ашық отасыз, бір ғана тілік арқылы қан тамырына енгізілген протезбен алмастыруға болады. 

Жуықта 82 жастағы облыс тұрғыны Эдуард Пекаторосқа осындай операция жасалды,  деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Жалпы құны 6,5 млн теңге болатын бұл жоғары технологиялық операция пациент үшін МӘМС қаражаты есебінен тегін жасалғанын айта кеткіміз келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» атты сайлауалды бағдарламасында: «Медицина саласының негізгі міндеті – өмір сүру ұзақтығын арттыру, азаматтарымыздың денсаулығын жақсарту. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің сапасын жақсартамыз», деген болатын. Бүгінгі таңда облыста көрсетіліп жатқан инновациялық медициналық  көмектің барлығы МӘМС жүйесінде тіркелген тұрғындар үшін медициналық сақтандыру қоры есебінен тегін екенін тағы бір ескертеміз.

Отаға келетін болсақ, дәрігерлер Эдуард Анатольевичке аорта стенозы диагнозын қояды. Пациенттің бұрын инфаркт алғанын, жүрек қағысында өзгерістер барын және жасы да келіп қалғанын ескерген мамандар оның жүрегіне ашық ота жасауға келмейді деп шешеді. Облыстық аурухананың құрамында эндоваскулярлық хирург, кардиохирург, анестезиолог бар көпсалалы командасы қарт адамның кеудесін тілмей және қан айналымын тоқтатпай-ақ жасанды клапан орнатты.

– Операцияның бұл түрі аорта клапанын транскатетерлік имплантациялау (TAVI) деп аталады. Пациенттің санында жасалған кішкене тілік арқылы катетер (ұзын түтік) артерияға енгізіледі, ол арқылы жасанды клапан діттеген жеріне – науқастың жұмыс істемейтін аорта клапанының ішіне жеткізіледі. Осы жерге орнатылған протез ашылады да, толық жұмыс істей бастайды. Операция ешқандай кедергісіз, сәтті өтті және науқас екі-үш күннен кейін қалпына келеді. Біздің кардиохирургиялық бөлімшеде пациенттер мен мамандар үшін қажетті барлық жағдайлар жасалған және осындай операцияларды біз төртінші жыл жүргізіп келеміз, – деді облыстық аурухананың эндоваскулярлық хирургі Қуатжан Әбішов.

Облыстық аурухананың дәрігерлері 2020 жылдан бастап бөлімшеде 38 TAVI отасы жасалғанын атап өтті. Бұл дегеніміз құтқарылған 38 өмір! Өйткені бұл  әдіс – жүрегіне  ашық  операция жасауға келмейтін ауыр науқастарды құтқарудың жалғыз мүмкіндігі. Ота жасалған науқастардың жасы 70 пен 86 жас аралығында болыпты.

– Мен осы аурухананың барлық дәрігерлеріне, медбикелер мен кіші медициналық қызметкерлеріне алтын қолдары үшін, шеберлігі мен қамқорлығы, күтімі мен маған деген  ыстық пейілдері үшін қаншалықты риза екенімді сөзбен жеткізе алмаймын, – деді Эдуард Анатольевич толқығаннан көз жасына ерік беріп.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу