Әлеуметтік төлемдер бойынша ақпаратты банк қосымшалары арқылы алуға болады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» екінші деңгейлі банктермен бірлесіп Kaspi және Halyk Homebank мобильдік қосымшалары арқылы әлеуметтік төлемдер туралы ақпарат алуға мүмкіндік беретін жобаны жүзеге асырды.
Бұған дейін азаматтар қажетті ақпараттарды тұрғылықты жері бойынша орналасқан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ бөлімшелерінен алатын, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Kaspi мобильді қосымшасында қажетті анықтаманы алу үшін «мемлекеттік қызметтер» бөліміне кіріп, «цифрлық құжаттар» батырмасын басып, «анықтамалар» бөлімін таңдау қажет. Halyk Homebank қосымшасында «мемлекеттік қызметтер» – «анықтамалар» бөліміне кіру арқылы қажетті ақпаратты білуге болады.
Анықтаманың цифрлық нұсқасында алынған және белсенді төлемдердің мөлшері туралы ақпарат алуға болады. Қызмет алушы анықтаманы көру барысында 2016 жылдан бастап кез келген кезеңді таңдай алады (ең жоғары кезең – 3 жыл).