Болашақ су саласының мамандары үшін білім гранттары көбейеді

Сурет: ortcom.kz
Ашық НҚА порталында су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама-жобасы жарияланды. Құжатта су саласында сұранысқа ие мамандар даярлау үшін білім беру гранттарының саны көбейетіні жазылған.
Тұжырымдама 20 маусымға дейін көпшілік талқылауында болады.
"Сұранысқа ие мамандарды даярлау үшін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетімен бірлесіп, жоғары оқу орнын дамыту бағдарламасы бекітіледі. Бұл жұмыстар 2023-2029 жылдар аралығында жүргізіледі. Сонымен бірге су саласындағы инновациялық пәндерді қоса отырып білім беру бағдарламалары жаңартылады. Су саласының сұранысқа ие пәндері бойынша жоғары білім алу үшін мемлекеттік білім беру гранттарының саны ұлғаяды", – делінген құжатта.
Жұмыс жоспарына сәйкес, келесі жылдан бастап өңір әкімдіктерінің қолдауымен Ертіс, Деркөл, Елек, Есіл, Тобыл, Нұра, Шу, Селета, Қаратал, Топар, Сырдария, Ойыл, Жем, Сағыз өзендерінің арнасы тазартылады.