Абай облысында 7 учаскеде өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр
Сурет: ТЖМ
Абай облысында 7 учаскеде өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының күштері мен құралдары орман шаруашылығына өртті сөндіруге көмектесіп жатыр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратына сүйеніп.
Қазіргі уақытта өртті сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және Қорғаныс министрлігінен 1000-нан аса адам, шамамен 237 техника жұмылдырылған.
"11 тікұшақ тартылды, өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына су ағызу жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта таңғы сағат 6.00-ден бастап өрт ошақтарына әуеден 164 рет су төгілді, жалпы көлемі - 410 тонна. Өртті сөндіру жұмыстары басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 263 рет су төгілді, жалпы көлемі - 590 тонна. Әуеден барлау нәтижесінде жекелеген учаскелерде орманның төменгі бөлігінде өрт байқалады", - деп жазылған ТЖМ таратқан ақпаратта.
Сағат 10.30-дан 11.00-ге дейін өрт болған жерде аздаған жаңбыр жауғаны айтылды.