Шағын несиенің шарттары түсіндірілді – ШҚО
![](/kz/uploads/posts/2023-08/b730034b-5942-4ced-bada-c44043527085.webp)
Катонқарағай ауданында округ әкімдері мен азаматтық қоғам өкілдері дөңгелек үстел басына жиналып, «Ауыл аманаты» жобасын талқылады.
«Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу», – дейді «Ертіс» ӘКК» АҚ-ның бизнес жобалар және инвестициялар бөлімінің басшысы Аслан Смағұлов.
Кездесу барысында ауылдықтарға жобаның шарттары түсіндіріліп, қандай құжаттар қажет екені айтылды. Сондай-ақ бөлінген қаражатты тиімді игеру жөнінде сөз қозғалды.
«Ауыл аманаты» жобасына байланысты қандай да бір сұрақтар туындап жатса, әр ауылда ауылдық округ әкімдеріне немесе «AMANAT» партиясының аудандық филиалына хабарласуларыңызға болады», – деді «AMANAT» партиясының Катонқарағай ауданы филиалының төрағасы Жанар Сыдықова.
Айта кетейік, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша шағын несие мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін. Ал ең жоғары сомасы 2,5 мың АЕК немесе 8,6 млн теңге. Зәкірлік кооперацияны дамыту үшін 8 мың АЕК немесе 27,6 млн теңгеге дейін. Сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%-дан аспайды.