Елімізде мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы мөлшері қанша?
Фото: paryz.kz
Елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 8,5% - ға өсті, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап орташа есеппен 14,5% - ға қосымша арттырылды.
2023 жылғы 1 шілдеден бастап жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін 89 248 теңгені, 2-топ үшін – 71 398 теңгені, 3-топ үшін – 48 681 теңгені құрайды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Биылғы 8 айдағы жағдай бойынша 95,1 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 61,4 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.
Төлемдердің мөлшері жеке және мыналарға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.
Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады, сондай-ақ 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР Үкіметінің шешімімен олардың мөлшері 8,5% - ға ұлғайтылды.
1 қыркүйектегі жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 45 654 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша – 50 012 теңгені құрайды.