KZ
Өскемен
-13°
пасмурно жел 2 м/с, СБ
498.34 519.72 4.85

Кәсіподақ ардагерлері жастармен кездесті – ШҚО

3.10.2023, 18:08 281 Ләззат Қанатқызы

ШҚО-да ұрпақтар арасындағы кездесу форматында Халықаралық қарттар күні мен Қазақстанның кәсіподақтар күніне орай «Заман байланысы. Ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шара барысында ардагерлер кәсіподақ ұйымдарының жұмыс барысымен, маңызымен таныстырса, жастар өздері қызықтырған сұрақтар мен ұсыныстарын білдірді.

-Кәсіподақтар федерациясы - қызметкерлердің құқықтарын қорғаумен кәсіби айналысатын еліміздегі жалғыз ұйым. Осы салада қанша жылдар бойы қызмет істеген ардагарлермен таныстыру, тәжірибе алмасу, жастардың дағдылары мен кәсіби білімдерін арттыру мақсатында осындай шараны ұйымдастырып отырмыз. Дөңгелек үстел басында ардагерлермен ашық әңгімелесе отырып, жастарымыз тәжірибе алып, одан әрі кәсіподақ қызметінің қозғалысына ат салысады деген үміттеміз, - дейді «ШҚО кәсіподақ орталығы» АКБ төрағасы Темірбек Қасымжанов.

Сондай-ақ ардагерлер осы саладағы өзекті деген мәселелерге көңіл аударып, жастармен бірге оларды шешу жолын талқылады.

-Көп жұмыс орындары кәсіподаққа кіргісі келмейді. Ал сол мекемедегі мамандардың көпшілігі өз құқықтарын қорғай алмайды. Көбінің бізде заңды клиника бар екенінен  хабары жоқ. Ол жерде барлық мәселелер бойынша консультация тегін жүргізіледі. Сондай-ақ қарапайым жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін де заң алдында осы ұйым қорғайтын болады, - деп түсіндірді "Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіптік одағы" ҚБ ШҚО филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков.

Осы орайда кәсіподақтар өз қызметінде барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардан, саяси партиялардан, жұмыс берушілер мен олардың бірлестіктерінен тәуелсіз екенін, олардың бақылауында болмайтынын және оларға есеп бермейтінін атап өткен жөн.

Шараға жиналған жастар да ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуге септігін тигізетін өз ұсыныстарымен бөлісті.

ШҚО Қоғамдық кеңесінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі комитетінің басшысы, Өскемен қаласы әкімдігінің Жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әділбеков өз сөзінде кәсіподақ  ұйымдары туралы көбірек ақпарат алуға және осында атқарылатын жұмыстармен қоғамы хабардар ету үшін жастармен тоқсан сайын кездесу өткізіп тұруға ұсыныс жасады.

-Өз жұмыстарыңыздың жастарға қызықты тұстары туралы көп ақпарат беріп, қолға алуларыңызды сұраймын. Мәселен, салауатты өмір салтын ұстанатын жастар үшін кез келген спорт кешендері ақылы екені белгілі. Кәсіподаққа кіретін жастар үшін қандай да бір жеңілдік қарастырылса, кез келген кәсіпорын жастары ұйымға өзіндік қызығушылық танытар еді, - дейді "Үлбі металлургиялық зауыты" АҚ жастар бірлестігінің төрағасы Сергей Головин.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу