Ұландықтар ұлттық мерекені ұлықтады – ШҚО
Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында Республика күні салтанатты түрде аталып өтті.
Шараға «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518, 3477, 6699 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері қатысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Мерейлі мереке аясында жауапты қызметтің жүгін арқалағандарға құрмет көрсетілді. Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың бұйрығымен бірқатар әскери қызметшілер марапатталды.
Сондайақ жауынгерлік әзірлікті сақтаудағы көрсеткіштері жоғары әскери қызметшілер «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генарал-майор Рүстем Ақбалиннің мадақтау қағазы мен төсбелгісіне ие болды. Кеш барысында «Жас сарбаз» ұйымының қатысушылары сахналанған көрініс қойып, шара көркін одан сайын қыздыра түсті.
Ел тыныштығын күзетуде қырағылық танытқан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы жауынгерлік әзірлік пен кәсіби шеберліктерін үнемі арттырып келеді. Сан салалы даму мен жетілу сатыларынан сүрінбей өткен ішкі әскер жұрт басына төнген кез келген қауіп-қатерге қарсы тұрып аянбай әрекет етуге әзір. Тәрбиелік мәні зор кеш соңы концерттік бағдарламамен өз жалғасын тапты.