KZ
Өскемен
+5°
переменная облачность жел 5 м/с, ОБ
487.81 527.62 5.02

Алтай ауданының ауруханасы заманауи жабдықтармен қамтылады

27.10.2023, 20:14 184 Оразай Жеңісұлы

Облыстық әкімдіктің отырысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы қаралды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

– Алдағы уақытта ауылдардағы денсаулық сақтау нысандарына қосымша 16 медицина қызметкері қажет болады. Өйткені Ұлан және Шемонаиха аудандарында құрылысы аяқталатын нысандар бар. Оған қоса дәл осы екі ауданда және Глубокое ауданында тағы да жаңа нысандар салынады деген жоспарымыз бар, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Жігітаев.

Осы ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде үш міндет айқындалды:

1.Нормативтерге сәйкес ауылдық елді мекендерді АМСК ұйымдарымен қамтамасыз ету (Алғашқы медициналық-санитариялық көмек) ;

2.Ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсетудің уақтылығын арттыру;

3.Ауылдық денсаулық сақтау объектілерін медициналық кадрлармен қамтамасыз ету;

        Облыс бойынша ауылдық жерлердегі АМСК ұйымдарына жалпы қажеттілік 106 объектіні құрайды. 7,7 млрд.теңгеге 36 медициналық мекеме (7 дәрігерлік амбулатория, 2 ФАП, 27 медициналық пункт) салу жоспарланған.

        Ағымдағы жылы 18 нысанның құрылысы басталды, олардың барлығы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

        Сондай-ақ, «Алтай ауданының ауданаралық ауруханасы» ғимаратының травматология, хирургия, кардиология, анестезиология және реанимация бөлімшелеріне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған, 300-ге жуық заманауи жабдықты жеткізуге шарттар жасалған, бұл ерте диагностиканы және емдеу сапасын арттыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы орайда облыс әкімі Ермек Көшербаев:

– Жоғары технологиялық жабдықтар дейсіз. Мамандар осы жабдықтармен жұмыс істеуге қалай дайындалды? - деп сұрады.

Естеріңізде болса, жақында 12 ауыл дәрігері Түркияның үздік клиникаларының бірінде біліктілікті арттыру курсынан өтті.

– Біліктілікті  арттыру практикалық тұрғыда да болды. Яғни, біздің дәрігерлер пациенттермен тікелей жұмыс істеді, оталарға қатысты. Бұл үлкен тәжірибе, – деді Төлеген Жігітаев.

Бұдан бөлек, маманның айтуынша, Семей қаласының медицина университеті мен Өскемен жоғары медицина колледжінің түлектерімен кездесулер өткізілген. Бос жұмыс орындары туралы ақпарат Enbek.kz.  сайтына да орналастырылған.

Ағымдағы жылы облыс үшін медицина мамандарын оқытуға республикалық бюджет есебінен 100 мемлекеттік грант және жергілікті бюджеттен 34 грант бөлінді. Түлектер жоспар бойынша 2025-2026 жылдары келеді.

Ауылдық жерге келген медицина қызметкерлеріне жергілікті бюджет қаражаты есебінен көтерме пакет (100 АЕК), республикалық бюджет есебінен тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдікпен несие беру (1500 АЕК) және қызметтік тұрғын үй қарастырылған айта кеткен жөн.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев заманауи медициналық құрал-жабдықтарды игере алатын мамандарды даярлауды және жоғары технологиялық медициналық жабдықтарды пайдалану тиімділігін бақылауға алуды тапсырды. Шетелдік жетекші клиникаларға қайта даярлау үшін үнемі, соның ішінде ауылдық дәрігерлерді жіберу қажет екенін атап өтті өңір басшысы.

Ал энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық құрылыс басқармасына жаңа медициналық пункттерді іске қосу кестесін ұсыну, жергілікті жерлердегі әкімдерге тұрғындарды жаңа медициналық мекемелердегі қызметтерді уақтылы пайдалана алуы үшін осы жобалардың іске асырылуы туралы кеңінен хабардар ету тапсырылды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив