ШҚО-да 160 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды
Фото: «AMANAT» партиясы ШҚОФ баспасөз қызметі
Шығыс өңірінде игерілмей жатқан 160 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының есеп беру конференциясында айтылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Іс-шараға аймақтағы Саяси кеңестің мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестердің мүшелері, бастауыш партия ұйымдары мен «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты.
Облыстық филиал төрағасы Сайрангүл Жұмаділова партиялық жобалардың жүзеге асу барысына тоқталды. Кейінгі екі жылда «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Жастар Отанға» сынды жобалар аясында мыңнан астам іс-шара өткізілген көрінеді. Жетпіс мыңнан астам өңір тұрғыны осы іс-шараларға қатысқан.
«Былтыр облыстық комиссия «Жер аманаты» жобасы аясында 100 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Жыл басынан бері тағы 61,3 мың гектар аумақ мемлекет меншігіне өтті. Сондай-ақ биыл Ұлан ауданындағы Гагарин ауылы мен Алтай ауданындағы Северное ауылы тұрғындарының өтініші бойынша жайылымдық және шабындық жерлерді қайтару мәселесі оң шешілді», – деді партияның өңірдегі филиалының төрағасы.