KZ
Өскемен
-5°
пасмурно жел 2 м/с, ОШ
527.3 544.86 4.95

Үлескерлер үшін негізгі ереже: кепілдіксіз келісімшартқа жол жоқ!

Pexels.com

5.01.2025, 19:00 404 Төлеуғазы Жансая


Қазақстан бойынша қазіргі таңда заңды түрде барлық рұқсатнамалар негізінде салынып жатқан 963 үлескерлік құрылыс нысандары болса, үлескер тартуға рұқсаты жоғы - 181. Бұл туралы «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ ресми сайтында жарияланған. Ал ҚР қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов бүгін мәлімдеген деректер бойынша Өскемен қаласында орын алған 1,8 млрд теңгенің жымқырылу жағдайы үлескерлік құрылыс саласында сақтық шараларын сақтау маңыздылығын тағы бір мәрте еске салды, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Әлібек Әбділовтың мәлімдеуінше, Өскемендегі қос құрылысшы компанияның күдікті деп танылып отырған топ-менеджерлері 102 азаматты алдап, тұрғын үй құрылысына жалған келісімшарттар жасасу арқылы үлескер ретінде тартқандығы анықталған. Бұл оқиға азаматтарға үлескерлік құрылысқа қатысуда дұрыс шешім қабылдаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетіп отыр.

Бүгінгі таңда құрылыс саласында етек жайған заңсыз әрекеттер әр азаматтың үлескерлік құрылыс дегеннің не екенін нақты білуінің өзекті екенін айқындауда. Әрине, үлескерлік құрылыс – тұрғын үйге құрылыс барысында қаражат салып, қолжетімді бағада пәтер иеленудің тиімді мүмкіндігі. Алайда, бұл тек барлық заңдық талаптар орындалып, қажетті сараптамалар мен рұқсатнамалар, кепілдіктер болған жағдайда ғана тиімді екенін ескеру маңызды. Ал оны тексеру әр әлеуетті сатып алушының тікелей жауапкершілігі!

Заңнамаға сәйкес, құрылыс компаниялары үлескерлерден қаражат тарту үшін белгілі бір талаптарды орындауы тиіс. Олардың бірі – «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ кепілдігінің болуы. Бұл компания үлескерлердің қаражатын қорғауды қамтамасыз етеді және құрылыс аяқталмаған жағдайда нысанның салынып бітуіне немесе қаражаттың қайтарылуына кепілдік береді. Құжаттардың бар-жоғын тексерудің ең тиімді жолдарының бірі – homeportal.kz платформасын пайдалану. Бұл ресурс арқылы үлескерлік келісімшарттың тіркелгеніне және құрылыс компаниясының қажетті рұқсаттарға ие екеніне көз жеткізуге болады.

Сот арқылы жәбірленуші болып табылған азаматтардың құқығын қорғап жүрген заңгер Ақерке Шестаева да шарт жасасуда құжаттарды алдын ала сұратып тексеру маңыздылығын алға тартты.

– «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ кепілдігімен қатар, құрылыс компаниясының жергілікті атқару органдарынан үлескерлердің қаражатын жинау туралы рұқсат қағаздары болуы керек. Атқарушы органдардың порталы арқылы керекті деректерді алуға болады, - дейді Ақерке Аманқызы.

«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясының» кепілдігі жоқ құрылыс компанияларына инвестиция салу үлкен тәуекелдерге алып келеді. Өскеменде орын алған жағдайдың нәтижесінде азаматтардың қаражаттарын заңсыз жымқырған екі күдікті ұсталып, олардың 2,3 млрд теңге көлемінде мүлкіне тыйым салынды. Бұл тергеу әрекеттері зардап шеккен азаматтардың қаражаттарын қайтаруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Алайда мұндай оқиғалардың алдын алу үшін үлескерлерге тек сенімді және заңды компаниялармен жұмыс жасау ұсынылады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу