Мұғалімдерді қудалауды тоқтату керек – министр
Фото: kaz.nur.kz
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев аппарат отырысында директорларға мұғалімдерді қудалауды тоқтатуды ескертті.
Министрдің сөзінше, педагогтерден есептерді жинауға, құжат айналымының ұлғаюына қатысты арыз-шағымдар жиі келіп түсетін көрінеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
- Маған қайта-қайта түсініксіз есептерді жинауға, құжат айналымының ұлғаюына қатысты педагогтерден арыз-шағымдар келіп түсіп жатыр. Ұйым басшылары, білім бөлімдері мен білім басқармалары өз бетінше шешім қабылдауды тоқтатуы қажет! «Педагог мәртебесі туралы» заң талаптарын сақтау керек. Тағы да айта кетейін, әрбір осындай шағым үшін мектеп директорлары, білім басқармалары мен бөлімдерінің басшылары жауапты болады, - деді ол.
Министр өз сөзінде талап заң шеңберінде қойылуы керектігін де атап өтті.
- Ұжымдағы микроклиматқа мұқият болу керек. Ұстаздардың сапалы білім, саналы тәрбие беруіне барынша жағдай жасалуы керек. Әрине, талап болады. Талаптың бәрі заң шеңберінде қойылуы керек. Әрбір мұғалім өзінің алдындағы балаға сапалы білім беруге ұмтылуы тиіс. Бірақ талаптар заң шеңберінде ұйымдастырылуы керек. Артық, заң шеңберінен тыс қудалаулар немесе басқа да дүниелерді жасауды доғару керек, - деп атап өтті министр.
Оқи отырыңыз