Жаңажылдық мереке күндері 27 мыңнан астам полицей ел тыныштығын қорғады
Фото: polisia.kz
Жаңажылдық мереке күндері қазақстандықтардың тыныштығын 27 мыңнан астам тәртіп сақшысы қорғады.
Ішкі істер министрлігі Жаңа жыл мерекесі қарсаңындағы үш күндік жұмысты қорытындылады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ведомствода атап өткендей, “102” арнасына 29 мыңға жуық қоңырау түскен. Негізінен азаматтар тыныштықты бұзу, қоғамдық орындарда ішімдіктер ішу бойынша, сондай-ақ бұзақылық пен мас күйінде көлік жүргізу фактілері туралы да мәлімдеді.
Өткен демалыс күндері республика бойынша 715 қылмыс жасалды, оның 485-і “ізін суытпай” ашылды. Мысалы, полицейлер 68 ұрлықты, 5 тонау қылмысы мен 29 бұзақылықтың бетін ашты.
Тәртіп сақшылары мереке күндерін күшейтілген жұмыс режимінде өткізді. Мақсаты – қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу және жедел ашу, сондай-ақ “нөлдік төзімділік” қағидатын іске асыру.