Кітапханалар бірыңғай цифрлық платформаға қосылады
Фото: Freepik
Кез келген адам үшін кітап оқу маңызды дейтін болсақ, кітапхана жұмысының да жүйелі болуы маңызды.
Сол үшін алдағы уақытта еліміздегі барлық кітапханалар бірыңғай цифрлық платформаға қосылмақ, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Жалпы елімізде 11 мыңнан аса кітапхана түрлі ақпараттық жүйе мен каталогты қолданып келеді. Ендігі кезекте кітапханалар жүйесін бірізділікке салу мақсатында бірыңғай автоматтандырылған платформа жасақтау жұмысы басталды. Мамандардың сөзінше, оның арқасында оқырман қажет кітапты немесе оның электронды нұсқасын оңай таба алады. Жүйені енгізу аясында барлық кітапханаға кіру мүмкіндігі қарастырылған бірыңғай электронды оқырман билеті әзірленеді. Қолданушылар электронды үкімет порталы арқылы тіркеліп, билетке қол жеткізбек. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова электрондық кітапхана жүйесінің дамуы өткен кеңесте айтты.
– Цифрлық платформа еліміздегі барлық кітап қоры азаматтарға қолжетімді болуы үшін әзірленіп отыр. Сондықтан ең алдымен электронды нұсқаға 10 ірі кітапхана өтеді. Ал қалғандары сәйкестендіру жұмыстарын қолға алуы керек. Кітап қоры толықтай сәйкес келген жағдайда кітапханалар оқырманға арналған іздеу бағдарламасын бейімдеуі тиіс, – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Платформаны пилоттық режимде 2024 жылы іске қосу жоспарланған. Бастапқыда ол ірі кітапханалар базасында жұмыс істей бастайды.