Өскеменнің аялдамаларында электронды кітапханалар пайда болды
Өскеменнің аялдамаларында электронды кітапханалар пайда болды. Енді қала тұрғындары өздерінің бағытындағы автобус келгенше кітап оқи алады.
Аталған жобаны Өскемен қаласының әкімдігі мен Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана бірлесіп іске асырып отыр. Кітапханашылар тұрғындардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында қаладағы аялдамаларға QR кодтар жасады. Осылайша жолаушылар телефон арқылы кітап оқи алады.
Ерекше жобаның жүзеге асуына себепкер болған кітапхана қызметкерлері алдымен кітапхана жанындағы аялдамаға Оралхан Бөкейдің шығармашылығына арналған QR кодды жасаған.
- Біз қала әкімдігімен бірлесіп, қаламыздағы аялдамаларға ақын-жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің және елімізге еңбегі сіңген тұрғалардың шығармашылығын, еңбегін нәсихаттау мақсатында әр аялдамаға электронды кітапхана аштық. Тұрғындар көрнекілік тақтасында көрсетілген QR код арқылы кітап оқи алады. Сонымен бірге, автордың өзі туралы да толық ақпарат ала алады, - дейді Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана директорының орынбасары Жанат Жиенбекова.
Оның айтуынша, электронды кітапхананың QR коды мен дизайнын кітапхана қызметкерлері жасапты. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғасын таппақ.
- Мақсатымыз – қаламыздың тұрғындарын кітап оқуға ынталандыру. Көп жағдайда адамдар кітапханамызға келуге уақыттары болмағандықтан біз осы жобаны іске асырдық. Бұл әсіресе мектеп оқушыларына, жастарға тиімді. Уақыттарын үнемдей алады. Осы орайда айта кететіні, жоба тек кітап оқуға ғана емес, қазақтың салт-дәстүрімен де танысуға да мүмкіндік береді. Жоба аясында Өскемен әуежайындағы бірінші аялдамаға қаладағы мәдени ошақтардың картасын жасадық. Сол арқылы туристер іздегендерін адаспай тауып алады, - дейді Жанат Жиенбекова.
Енді аялдамада автобус күтіп ғана емес, кітап оқып та тұра аласыз. Тек телефоныңызды алып, QR-кодты сканерлесеңіз жеткілікті. Аталған жобаны қала тұрғындары да қолдап отыр.
- Жұмыстан босамағандықтан кітапханаларға көп бармайтынымыз рас. Десе де, бұл жоба бізге өте тиімді болды. Осы жерден бір кітаптің электронды нұсқасын ашып алып, үйге жеткенше оқып барамын. Меніңше қаланың бүкіл аялдамаларына осындай кітапхана керек, - дейді қала тұрғыны Айман Жұмақанқызы.
Кітапхана тұрғындардың кітап оқуына барынша мүмкіндік жасауда. Сөйтіп кітапханашылар қаламызда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға атсалысты.