ШҚО-да өңірлік цифрлық кітапхана порталы құрылады
Қазіргі таңда цифрлық жүйе ғарыштап дамып барады. Сондықтан да дамудың кез келген саласы цифрлық жүйемен тікелей байланысты болмақ. Бұл тұрғыда Пушкин атындағы облыстық кітапхана жүйелі жұмыс істеп келеді.
Бүгінгі таңда Пушкин атындағы кітапхана өңірлік цифрлық кітапхана порталын құруды қолға алды. Оған С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің IT мамандары тартылған. Сондай-ақ кітапхана тестілік режимде орыс және шет тілдеріндегі электронды және аудиокітаптардың ең ірі коллекциясы жинақталған «ЛитРес» электронды кітапханасы сервисіне қосылған, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Біздің ел де әлемнің басқа елдері сияқты, цифрлық дамуда өз стратегиясын жүзеге асыруды қолға алып отыр. 2023 жылы 28 наурызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 269 қаулысымен Цифрлық трансформация, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен киберқауіпсіздік саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасы бекітілді, ол елдің барлық саласын цифрлық трансформациялауға және инновациялық экономика құруға бағытталған.
Осы орайда Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының қызметкерлері кітапхана қорын белсенді түрде электрондық форматқа аударып, цифрландырылған дереккөздер көлемін барынша арттыруда. Облыстық әкімдік кітапхананың идеясын қолдап, планетарлық сканерді сатып алуға мемлекеттік бюджеттен 29 млн. теңге сомасында қаражат бөлді.
Сонымен қатар, облыстық кітапхана тестілік режимде орыс және шет тілдеріндегі электронды және аудиокітаптардың ең ірі коллекциясы жинақталған «ЛитРес» электронды кітапханасы сервисіне қосылды. Кітаптар барлық танымал форматтарда қолжетімді: FB2, FB3, ePub, PDF, PDF A6, TXT, HTML, RTF, MOBI. Кез-келген оқырман өзі қалаған электронды кітапты таңдап, кітапханашыға тапсырыс беріп, оны 2 аптаға оқуға ала алады. Кітапхананың ары қарайғы әрекеті «ЛитРес» сервисіне тестілік қосылудың нәтижесі бойынша анықталады.