Балалардың спортқа қызығушылығын арттырған қаламгер
Биыл «бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын жұрт болып оқуға ұсынылған болатын. Осыған орай ШҚО зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтарға арналған кітапханада әдеби кеш өтті.
Өскемендегі «Защита» кітапхана пунктінде «Бір ел болып оқимыз» атты әдеби кеш өтті. Оған оқушылар мен оқырман қауым қатысып, қаламгер шығармасы туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Осы жылы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның есте қаларлық күндер күнтізбесіне енген болатын. Шара барысында Бердібек Соқпақбаевтың өмірі мен шығармашылығы баяндалып, жазушының ғұмырнамасы туралы қойылым көрсетілді.
– Бердібек Соқпақбаевтың спорт тақырыбындағы шығармаларын оқыған талай қазақтың баласы чемпион болуға талпыныс жасады. Көркем шығарма осылай адамға ой салып, жігер беріп оқырмандарды жетелеп отыруы керек. Қаламгер шығармасы қай уақытта да өзектілігін жоғалтпайды, – дейді кітапхана оқырманы Тәттімбек Қазыбеков.
Сонымен қатар, шараға жиналған қауымға жазушы шығармашылығына арналған «Ұлы тұлға, кемеңгер ойшыл» атты кітап көрмесін тамашалады.