Алтай ауданының үздік дәрігерлері шетелде білік арттырады
Акушерка мен неонаталдық медбике Түркияның үздік клиникасында білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды. Оқу Стамбул қаласында ағымдағы жылдың 18 ақпанынан 15 наурызына дейін өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгінде медицина қызметкерлерінің біліктілік деңгейіне қойылатын талаптар күшейтілген. Сондықтан мамандардың теориялық және практикалық білімдерін жаңартып, жетілдіріп отыруы маңызды.
Шетелдің үздік клиникаларында оқу мамандардың білімі мен дағдыларын, бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін тамаша мүмкіндік. Өйткені мұндай тағылымдамалар ана мен бала денсаулығын сақтау жүйесін жетілдіруге, мамандардың кәсіби шеберлігін дамытуға, сонымен қатар диагностиканың, емдеу мен оңалтудың заманауи әдістерін игеруге ықпал етеді.
Алтай ауданаралық ауруханасының ақпараты бойынша, оқыту «Неонатологиядағы мейірбике ісі» және «Заманауи акушерлік» тақырыптары бойынша өтеді. Біліктілігін арттыруға баратын мамандардың еңбек өтілі 31 жыл және 10 жыл.
Айжанат Бақытқызы