ШҚО-да эпидемиологиялық маңызы бар нысандар бақылауға алынды
Өңірде су тасқынына байланысты жағдай тұрақты, алайда қауіп әлі сейілген жоқ. ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен қала-аудан әкімдері мен бейінді ведомство өкілдері қатысқан кеңесте қауіптің алдын алуға бағытталған шараларды жүйелеу мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Су тасқыны қаупі бар қалалар мен аудандарда жағалауды нығайту, бөгет салу, өзен арналары мен бұлақтардың көзін тазарту, айналма арық салу жұмыстары жалғасуда. Мамандар тәулік бойы кезекшілік жүргізеді.
Осы орайда облыс әкімінің бірінші орынбасары эпидемиологиялық жағдайға тоқталды. Қарғын судың салдарынан ауызсу сапасы төмендеуі мүмкін.
ШҚО әкімінің бірінші орынбасары су қабылдағыштарды, орталықтандырылмаған сумен жабдықтау жүйелерін, зираттарды, мал қорымдарын, қатты тұрмыстық қалдықтар мен химиялық қалдықтар полигонын және осы нысандарға апаратын жолдарды тазалау қажет екенін атап өтті. Сонда ғана эпидемиологиялық маңызы бар нысандарды су баспайды.
Айта кетейік, облыста 157 мал қорымы бар. Соның ішінде 101 қорымға сібір жарасынан өлген мал көмілген. Егер су тасқыны кезінде мал шығыны болса, мамандар фермерлерге өтемақы төлеу үшін сәйкестендіру жұмыстарын жүргізеді. Мал шығыны болған аймақта санитарлық өңдеу жүргізіледі. Өңірде өлген малдың өлексесін жоюға арналған техника, дезинфекциялау құралдары, сондай-ақ инсинераторлар жеткілікті.
Су тасқыны қаупі әлі де сейілмегендіктен, тұрғындар малды қауіпті аймақтан айдап шығуы керек.
Сонымен қатар жиында алдағы өрт қаупі күшейетін маусымға дайындық мәселесі де талқыланды.