Шығыстың алып кәсіпорындарының бірі «ҮМЗ»АҚ әлеуметтік және экологиялық бастамаларға үнемі қолдау көрсетуді жақсы дәстүрге айналдырған. Республика көлемінде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» акциясының аясында завод ұжымы Шығыс үшін даңқты тұлғалардың бірі, заводтың бұрынғы директоры Владимир Потаниннің ескерткішінің маңында тазалау жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
– «Таза Қазақстан» акциясына барлығы мың жарымнан астам адам тартылды. Завод ұжымы кеше алдымен кәсіпорынның аумағын қоқыстардан тазалап, ал бұл 140 гектардан астам жер, бүгін заводтың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Владимир Потанин мен Ефим Славскийдің ескерткіштерінің маңында тазалық жұмыстарын бастап кетті. Жұмысшылар ескерткіштерді шаң-тозаңнан тазартып, орындықтарды бояйды, түсіп қалған плиткаларды ауыстырады. Осы екі ескерткішті ұстау үшін кәсіпорын жыл сайын алты миллион теңге жұмсайды, – деді «ҮМЗ»АҚ баспасөз қызметінің басшысы Алексей Прескуряков.
Кезінде заводтың директоры болған Владимир Потаниннің біздің өңір үшін атқарған игілікті істері аз емес. Владимир Петровичтің бастамасымен қаламызда жаңа шағын аудандар пайда болды, «Көгілдір бұғаз» демалыс орны салынды.
Алексей Прескуряков кәсіпорын жыл сайын шаһарда абаттандыру және ағаш отырғызу акцияларынан тыс қалмайтынын айтты.
– Жыл сайын миллион теңгенің ағаштарын отырғызамыз. Өткен жылы Астана көшесінің бойында шыршалар мен теректер салдық, оның алдында Сәтпаев даңғылын абаттандыруға қатыстық. Биыл да ағаш егу акциясын өткізетін боламыз. Сонымен қатар Таврия ауылындағы хосписті біз өз қамқорлығымызға алған едік. Хоспистің аумағында да тазалық жұмыстарын жүргізіп, аулаларын көгалдандыруға, абаттандыруға көмектесеміз. Үлбі өзенінің жағалауын да назардан тыс қалдырмаймыз, – деп қосты баспасөз қызметінің басшысы.