Шмелев логты қандай өзгерістер күтіп тұр?
Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар қаланың Шмелев лог ықшам ауданының тұрғындарымен кездесті.
Кездесуде қала басшысы қаланың ықшам аудандарын дамыту жөніндегі арнайы бағдарлама аясында биылдан бастап Шмелев лог кентінің инфрақұрылымдары жаңаланып, жетілдірілетінін мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мектеп келер жылы салынады
Қазіргі күні Шмелев лог ықшам ауданында 3000 нан астам адам тұрып жатыр. Кенттегі 228 бала қалаға барып, келіп, оқып жүр. Осыншама балаға бір мектептің қажет екенін жергілікті тұрғындар қаншама рет көтергенімен мәселе әлі шешілмеген.
Қала әкімі Жақсылық Омар Шмелев логқа келер жылы балалар ойыны алаңы бар қос қабатты 300 орындық шағын мектеп салынатынын айтты. Алайда, мектеп салатын жер учаскесі әлі анықталмаған, табылмаған. Өйткені ауыл ішінде мектеп, балалар ойыны алаңдарын салатын бос жер жоқ.
Үш көшенің жолына асфальт төселеді
Қала шетіндегі бұл ықшам ауданға баратын автобус қатынасы да жоқ. Кездесуге келгендер қала мен кент ортасына автобус жүрмейтіндіктен балаларының қала мектептеріне баруы қысы - жазы мұңға айналғанын айтты. Өскемен жолаушылар тасымалын басқару орталығының өкілі тас талқаны шығып жатқан Шмелев лог көшелерінің жолдарымен ешқандай қоғамдық көліктің жүре алмайтынын, мәселе жол жөнделген кезде ғана шешімін табатынын жеткізді. Бұл жауапты естіп, әрі - сәрі күйде қалған тұрғындар қала әкіміне қарады...
Жақсылық Омар, Өскемен қаласының әкімі:
Қазіргі күні ықшам ауданға жаңадан су құбырлары тартылып, үйлерге ауыз су кіргізіліп жатыр.
Қаңғыбас иттердің көзін құртады
Өскеменнің барлық ықшам аудандарындағыдай Шмелев логта да қаңғыбас иттер қаптап жүр. Мұны біреулер кент жанындағы қалалық қоқыс полигонынан көрсе, енді біреулер «Өскемен ветеринария» ит аулау мекемесінің жауапсыздығынан көреді. Айтуларынша, аталған мекеме полигон іргесіндегі кентте бұралқы иттердің шектен тыс көбейгеніне қарамастан осы уақытқа дейін ешқандай шара қолданбаған. Бір көшенің бойында 10-15 иттен өріп жүреді.
Тұрғындар әсіресе, таңертең үлкендер жұмысқа, оқушылар мектепке бара алмайды десті.
Түнде кенттің тас қараңғы көшелерімен жүру тіпті қиын. Қала әкімінің тұрғындар алдында айтқанындай, биыл ықшам ауданның бірнеше көшесі жарықтандырылып, тротуарлар салынады.
Бұған Өскемен қалалық жолаушылар тасымалын басқару орталығының өкілі кент жолының үлкен автобустарды жүргізуге келмейтіні, жолдың жөнделмегені, ені тарлығы ешқандай мүмкіндік бермей отырғанын айтты.
Қалалық полигон зардабын тигізіп жатыр
Қала әкіміне Шмелев логтың халқы қалалық тұрмыстық қалдықтар полигонының зардабын әбден тартып келе жатқанын да ашына айтты. Олар қоршалмай, жан -жақта қобырап жатқан қоқыстар, желмен ұшып жатқан қағаздар күре жолдың бойына дейін шашылып жатқандығын айтты. Сасыған иісі төңіректегі елді мекендерге жетіп жататыны өз алдына, айналаның бәрі аяқ алып жүргісіз.
Алайда, дәл қазір, қалалық полигонды жауып, басқа жерден жаңасын салатындай Өскеменнің маңайында бос жатқан жер жоқ. Бәрі жеке меншіктің қолындағы ауыл шаруашылығы жерлері көрінеді. Қазіргі күні Ұлан, Глубокое аудандарынан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын ашу жоспарланып отыр. Бірақ, нақты қай ауданда, қай жерде ашылатыны әлі күнге дейін белгісіз.
Шмелев лог тұрғындары кездесуге келген қала басшысына, қалалық бөлімдер мен мекемелердің басшыларына біз де игілігін көрсек, біздің кентте де қолға алынып, іске асырылса деген тілекпен басқа да өтініш, шағымдарын жеткізді.
Фото: Валерий Шведов