KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 5 м/с, З
441.41 477.78 4.84

Берекелі ел болуымыз үшін ынтымақ қажет

көрнекілік сурет: archive.misk.org.kz

29.04.2024, 12:02 113 ALTAINEWS

«Бірлік түбі - тірлік» деп халқымыз бекер айтпаған. Ал бірлік деген - ортақ істе ұйымшылдық көрсету, тату өмір сүру, өзгелерді де тыңдау, өзгенің де қамын ойлау, көпшіл болу.

«Халық айтса, қалып айтпайды» дегендей, дана халқымыз бүкіл тіршіліктің, адамзат жаратылысының мәнісін «Бірлік түбі – тірлік» деген екі ауыз сөзбен түйіндеген. Өйткені, ауызбіршіліксіз ешкімнің асығы алшысынан түспеген.

Бірлескен күш-жігер, тонның ішкі бауындай жымдасқан өзара ілтипат, бауырмалдық пен достық сынды киелі ұғымдар ерлікке де, жеңіске де, сән-салтанатқа да, арысы мәңгілікке бастайтынына уақыт төреші. 

Ішкі бірлігі болмаған талай құдіретті империялар мен мемлекеттер, кейбір мықты деген халықтар мен тайпалардың өзі тарихтың алмағайып тұстарында құрдымға кеткен.

Сындарлы сыртқы саясатымызды ұстана отырып, еліміздің ішкі әлемінде де алауыздыққа жол бермеу, ұлтаралық келісім мен діни ымыра, азаматтық келісім, сол арқылы тәуелсіз еліміздің баянды болашаққа жол тартқан ұлы сапарын бекемдей түсу – ортақ міндетіміз.

Бүгінде елімізде көптеген ұлттар мен ұлыстар тұрады, олар бір-бірімен тату, жақсы араласады. Киелі қазақ шаңырағына уық болып қадалған өзге этнос өкілдері «Қазақстан – достық пен татулықтың шынайы мекені» дегенді ұранға айналдырған.

Ұлтаралық татулықты нығайтуда елімізде тұрып жатқан әр ұлттың өкілі этносаралық достықтың, конфессияаралық түсіністіктің қаймағы бұзылмауына еңбек етіп, атсалысуы қажет.

«Өткенсіз бүгін жоқ». Қасиетті қазақ жерін мекен еткен өзге ұлт өкілдері ешқашан да қазақтың қамқорлығын, мейірімін ұмытқан емес.

Бірлік пен береке – біздің басты құндылығымыз. Бұл біз үшін алтыннан да қымбат қазына. Ел іргесі бүтін, шаңырағы биік, керегесі кең болуы еліміздегі татулық пен достықтың шынайы көрінісі екені дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Осы татулық пен тұрақтылық мәңгі салтанат құрсын десек, бәріміз бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүруіміз керек.

 З.Райымханова
Өскемен қаласының мамандандырылған
тергеу сотының судьясы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив