Тұтынушылардың шағымы 75%-ға өсті – ШҚО
фото: depositphotos.com
ШҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне осы жылдың бірінші тоқсанында 233 өтініш келіп түсті, бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 100 өтінішке артық. Өтініштер саны 75%-ға өскен, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңымен реттеледі. Бұл заң тұтынушылардың құқықтары мен оларды қорғауды ғана емес, сонымен қатар сатушылардың міндеттерін де реттейді.
ШҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің ақпараты бойынша, саланың негізгі бағыты – тұтынушылардың өтініштерін қарау, дауды сотқа дейінгі тәртіппен шешуге консультациялық көмек көрсету.
Департаментке келіп түскен өтініштердің көпшілігі сапасыз тауарларды сатып алу кезінде туындайтын мәселелер, тауарды айырбастау және қайтару, тұрмыстық қызметтерді сапасыз көрсету, электрондық сауда саласында тауардың сәйкес келмеуі, тауардың уақтылы жеткізілмеуіне қатысты.
Департамент дерегінше, қаралған өтініштер негізінде 6 жоспардан тыс тексеру жүргізілді, нәтижелері бойынша ұйғарымдар шығарылып, ескерту түрінде әкімшілік жазалар қолданылды.
Тұтынушылар өздерінің тұтынушылық құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ШҚО Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады.
Мекенжайы: Өскемен қаласы, Крылов көшесі, 114, телефон 8/7232/267207, эл.адрес: dzpp.vko@mti.gov.kz.
Сондай-ақ, кез келген тұтынушы www.e-tutynushy.kz сайтына компьютер немесе мобильді қосымша арқылы кіріп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өтінішін жібере алады.