Шалғай ауыл тұрғындары заманауи диагностикадан өтті – ШҚО (видео)
Шығыс Қазақстан облысында аналардың денсаулығын қорғау бағытында ілкімді істер атқарылып жатыр. Бүгін облыс орталығына Күршім ауданындағы Маралды ауылының тұрғындары арнайы келіп, скринингтік тексеруден өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Маралды ауылында су жаңа медициналық пункт бар екені белгілі, алайда алыстағы ауылда маман тапшылығы байқалады. Тұрғындарға қажет жағдайда аудан орталығындағы емханаға немесе облыс орталығындағы дәрігерлерге жолдама берілетін. Сондықтан бүгінгі іс-шараның шалғай ауыл тұрғындары үшін маңызы зор болды.
Орталық басшысының айтуынша, кеше жиырма, бүгін он жеті әйел соңғы үлгідегі заманауи құрылғылардың көмегімен тексеруден өтті.
Бұған дейін көпсалалы онкология және хирургия орталығының мониторингтік жұмыс тобы Риддер қаласына, Глубокое және Шемонаиха аудандарына барып, дәрігерлерге консультациялық-әдістемелік көмек беріп, профилактикалық шаралар өткізген. Алдағы уақытта Катонқарағай, Зайсан, Тарбағатай секілді шекаралық аудандардың тұрғындарына да осындай мүмкіндік жасалады.