KZ
Өскемен
+28°
ясно жел 3 м/с, З
474.26 514.48 5.43

Саммит барысында Тоқаев Каспий мен Арал мәселесіне назар аударды

6.07.2024, 21:00 83 Назерке Каримова

Қазақстан Президенті Каспий және Арал теңіздеріндегі экологиялық мәселелерді шешу үшін бірлескен күш-жігер қажет екеніне назар аударды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Каспий теңізінің логистикалық әлеуетін арттыру маңызды дедік. Бірақ ондағы экология мәселелерін де назардан тыс қалдырмау қажет. Мысалы, өзекті түйткілдің бірі – теңіздің тартылуы. Оның қоршаған ортасын, флорасы мен фаунасын қорғау да – аса маңызды міндет. Каспийді құтқару үшін нақты шешімдерді пысықтау керек. Осы ретте, түркі елдері ғалымдарының ықпалдастығын жандандыратын кез келді. Сонымен қатар, Арал теңізінің құрғап, шөлге айналуы – алаңдатарлық мәселе. Экологиялық апатқа ұшыраған аймақты оңалту керек.  Бұған қоса, трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану қажет. Ол үшін су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану керек, – деді Қазақстан Президенті.


Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, бүгінгі басқосудың маңызды мәселелерді жан-жақты талқылауға мүмкіндік бергенін атап өтіп, осындай кездесулер түркі әлемінің халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға және бауырластық байланыстарды нығайтуға зор үлес қосатынын айтты.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы климаттық өзгерістерді бақылаудың мәні зор екенін де атап өтті.

– Сарапшылар әлемдегі орташа температура 1,5 цельсий градустан көтерілуі мүмкін дейді. Оның ықтималдығы 80 пайыздан асты. Яғни, климатқа қатысты күрделі ахуал қалыптасып отыр. Жер шарының әр түкпірінде болып жатқан аптап ыстық, орман өрті, қуаңшылық пен су тасқыны – осының айқын дәлелі. Біз түркі әлемімен бірлесіп, климат мәселесі бойынша ынтымақтастықты күшейтуге дайынбыз. Осы ретте биыл Әзербайжанда өтетін СОР29 климат конференциясының жұмысына белсене қатысуды жоспарлап отырмыз. Қазақстан климаттың өзгеруіне қатысты міндеттемелерге жауапкершілікпен қарайды. Біз 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Өңірлік климат саммитін өткіземіз. Саммиттің жұмысына түркі бауырларымыз белсенді қатысады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Жиын соңында Түркі мемлекеттері ұйымы Хатшылығын нығайту туралы мемлекеттер басшыларының шешіміне қол қойылды. Саммит қорытындысы бойынша Қарабақ декларациясы қабылданды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив