Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 15 мың гектар сексеуіл егіледі
Фото: caravanistan.com
«ҚазМұнайГаздың» қолдауымен Арал теңізінің құрғап кеткен ұлтаны жасыл желекке айналады. Ұлттық компания 15 мың гектар жерге 4,5 миллион түп сексеуіл көшетін егу жобасын бастады, деп хабарлайды Altainews.kz сайты 24.kz порталына сілтеме жасап.
Теңіз табанындағы қайнаған қызу тірлікпен «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев арнайы барып танысты.
Арал теңізінің тартылуы – жаһандық проблема. Табанынан ұшқан шаң мен тұз жер шарының әр түпкіріне жетті. Мәселені шешудің бір жолы – теңіздің құрғаған жерін тоғайға айналдыру. Ол үшін шөлге төзімді галофитті өсімдіктер егу керек, – дейді мамандар.
Президент тапсырмасы аясында қолға алынған жобаға «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы да үлес қосты.
Бір түп сексеуілдің 4 тоннадан астам құмға тосқауыл болатынын ғалымдар дәлелдеген. Ал 7 жылдан кейін 15 мың гектар жерге егілген өсімдік 15 мың тонна тұз бен шаңның көкке көтерілуін тоқтатады, – дейді мамандар.