Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде, ең алдымен, саммиттің «Көлік, коммуникация және климаттық өзгерістерді бақылау арқылы баянды болашақ құру» деген тақырыбы барлық елдің мүддесіне сай келетінін атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Сондай-ақ аталған басқосу түркі елдерінің игілігін көздейтініне, дамудың тың бағыттарын айқындайтынына және бауырластық байланысты нығайтып, өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал ететініне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының қазіргі төрағасы ретінде оның қызметі барынша тиімді болғанын қалайды.
– Ұйымның халықаралық мәртебесін арттыруға күш саламыз. Бұл ретте, «TURKTIME!» ұраны аясында ықпалдастықты кеңейтуді жалғастырамыз. Бұған дейін 40-қа жуық іс-шара өткіздік. Елдеріміз арасындағы байланыстың жаңа тетіктері пайда болды. Бұл – әлеуметтік саясат, құқық қорғау, білім, технология, инновация және өнеркәсіп сияқты салалар. Сондай-ақ Астанада қыркүйек айында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл – түркі мәдениетін кеңінен дәріптейтін маңызды іс-шара. Осы сәтті пайдаланып, бауырлас елдердің спортшыларын дүбірлі додаға қатысуға шақырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету еліміздің сыртқы саясатындағы негізгі басымдықтың бірі екеніне тоқталып, түркі халықтарының әрдайым ынтымақта болуы керек екенін айтты.
– Біздің күш-қуатымыз – бірлікте. Жалпы, кез келген қақтығыс пен қайшылықты шешудің жалғыз жолы бар. Ол – сындарлы диалог. Осы орайда төрағалығымыздың аясында «Медиацияға» ерекше мән беріп отырмыз. Мен Әзербайжан мен Армения елдері арасындағы бейбітшілік орнатуға бағытталған оң үрдісті ерекше атап өткім келеді. Біз татулыққа бастайтын қадамдарды барынша құптаймыз. Баку мен Ереван арасында бейбіт келіссөздер жүргізу үшін өз алаңымызды ұсынуға әрдайым дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазір дүниежүзінде саяси және экономикалық өзгерістер болып жатқанына, соның салдарынан мызғымастай көрінген жаһандық қауіпсіздік жүйесі сыр бере бастағанына назар аударды
Осыған орай Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі нығайту қажет екенін айтып, Ұйымның алдағы жұмысы және оның басым бағыттары туралы пікірін ортаға салды.
– Түркі ұйымы елдерімен, сондай-ақ басқа да мемлекеттермен сауда және тасымал көлемін арттыру қажет. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін толық пайдаланған жөн. Бүгінде аталған бағыт бойынша контейнерлік тасымалдау көлемі күрт артты. Көрсеткіш өткен жылдағы кезеңмен салыстырғанда екі есе өскен. Біз тасымалдың уақытын азайту үшін «Digital Trade Corridor» мультимодалды цифрлық платформасын құрдық. Осы бағытта Әзербайжанмен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі таңда екіжақты теміржол әкімшіліктерінің интеграциясы аяқталды. Осының арқасында былтыр орта дәлізбен жүк тасымалдау көлемі 65 пайызға көбейді, Яғни, 3 миллион тоннаға жуықтады. Ақтау портындағы хаб контейнерлік тасымалдау көлемін 300 мыңға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Порт Каспий жағалауындағы елдерге және Орталық Азия мемлекеттеріне қызмет көрсетеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемлекеттерінің экономикасын дамыту мүмкіндіктеріне тоқталды.
– Экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін қаржы саласындағы байланысты нығайта түсу керек. Осы ретте Түркі орталық банктерінің кеңесін құру қажет. Мен, сондай-ақ, Жалпытүркі патент ұйымын құруды ұсынамын. Биыл Түркі инвестициялық қоры Басқарушылар кеңесінің ұлықтау рәсімі өтті. Оның қызметі экономика және қаржы-инвестиция саласын дамытуға оң әсер етеді деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.