«Жібек жолы» туристік пойызымен 100-ден астам жолаушы сапарға шықты
Алматы станциясынан «Жібек жолы» туристік пойызы өз сапарын бастады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі мәліметтеріне сүйенсек, ұлттық тасымалдаушы іске қосқан бұл пойыз «Алматы–Түркістан–Ташкент–Алматы» бағыты бойынша жүреді. Тур 16-20 қараша аралығында 5 күнге созылады. Алғашқы сапарға 115 жолаушы аттанды.
Туристер Түркістанда бір күн, Ташкентте екі күн өткізеді. Бағдарлама барысында олар осы қалалардың көрікті жерлерін, әсем табиғат аймақтарын және қасиетті орындарын аралайды.
Барлық экскурсиялар кәсіби гидтердің сүйемелдеуімен өтеді. Ал маршрут бойындағы қозғалыс туристік автобустар арқылы ұйымдастырылады.
Пойыз құрамына Қазақстанда шығарылған, бұрын басқа бағыттарда қолданылмаған 5 жаңа вагон қосылған. Қызмет көрсету тобына пойыз бастығы, сегіз жолсерік және бір электромеханик кіреді.
Пойыздың сырты мемлекеттік тудың бейнесімен безендірілсе, ішкі бөлімі ұлттық өрнектермен әшекейленген алтын түсті төсек-орындармен жабдықталған. Вагон-мейрамхана дәстүрлі стильде безендіріліп, ұлттық және еуропалық тағамдарды қамтитын мәзірді ұсынады.
Айта кетейік, туристік пойыз билеттері туристік агенттіктер арқылы сатылған.